"Бір бала",
Орталық Қазақстан газеті, 30 қыркүйек, 2004 жыл
Журналист - Мартбек Тоқмырза
"Әлемдегі талай оқымыстыға таңдай қақтырған қазақтың бір баласы - Төрегелді Еркебұланұлы жайында жазуға ұйғардым. Оның дарын-қабілетін, ерекше қасиеттерін айтып жұртқа жар салсам дедім. Бірақ маған жазу оңайға соқпады. Себебі мен ол туралы тек өткен шақта баяндауға мәжбүрмін. Көкірегім қарс айрылып, көз жасымды көл қылып отырып жаздым. Осындай ғажап жанның жасын отындай жарқ етіп жоқ болғанына сенер-сенбесімді білмеймін. Төрегелді тамыз айының 20-күні ата-бабасының туған топырағы Қарқаралының тойына бара жатьп жолда көлік апатынан қаза тапты. Небәрі 24 жас ғұмыр кешіпті. Әйтсе де осынша қысқа өмірінде өзгелерге өнеге болар қаншама іс тыңдырып үлгерген.
Төрегелді Қарағандының Қазақ-Түрік лицеін бітіргеннен кейін өркениетті елдердің маңдайалды оқу орынадарынан білім алуға аттанды. Сол себептен де оның талантын өз елінен бұрын өзге елдер танып бағалады. Ол Түркияның Фатих және Американың Вашингтон Университеттерінде жан-жақты білім алған соң енді еліме еңбек етейін, бойымдағы барымды туған халқыма берейін деп келген еді. Бірақ мақсатына жете алмады.
Төрегелді полиглот болатын. 20-ға тарта тіл білді. Олар: ағылшын, француз, неміс, итальян, араб, парсы, тәжік, түрік, әзірбайжан, қырғыз, түркімен, татар, башқұрт, поляк, украин, болгар, серб, латыш, және орыс тілі . Өте көп оқыды. Әр саладан хабары мол болушы еді. Соңғы екі жылда тек ағылышн тілінде оқыған кітаптарының өзі 1000-нан асады. Бірге оқыған жолдастары мен оқытушылары оның қабілетіне қайран қалатын.
Бірге оқыған жолдастарының пікірлері:
Бұл адаммен танысқаннан кейін менің өміріме соңғы төрт жылда бақыт пен қуаныштың ашық түстері енді десем де болады. Әрқашан өзіне арқа сүйедім. Сендім. Адалдығына еш күмән келтірмеген ең жақын достарымның бірі және солай болып қалатынына сенемін. Келешекте үлкен жетістіктерге жететініне еш күмән жоқ... - Марат Гатауллин
Құрметті Төрегелді бауырым, сенің Түркияға келуің, танысуымыз және менен “шай бар ма?” деп сұрағаныңды еш ұмытпаймын. Осы достық арамызда қалсын. Қарасаңшы барлығы менің есімде. Бауырым сен біздің сыныптағы намысты деп сыналған бірнеше жолдастарымыздың бірісің. Достығымыз өмір бойы үзілмесін деп тілеймін.... - Озкан Кызылкая
Құрметті президент Төрегелді мырза, (Болашақта Төрегелдінің өз елінде президент болатынына көзсіз сеніп үнемі осылай атайды екен. Авт.-М.Т.) дәл осы уақытқа дейін ешқандай емтиханда мұндай қиналмаған шығармын. Сен туралы жазу маған оңай тимей отыр. Себебі сен мен кездестірген ерекше бір адамсың. Төре, университетте бірге өткізген жылдарда сен маған бауыр, аға, ақылшы болдың. Ең қиын кездерде қасымнан табылып сүйенішім бола білдің. Сенсең сенің арқаңда мен көп нәрсенің мәнін ұғындым. Төре, сен мені қашанда өзіңнің сабырлы, салиқалы, мінезіңмен таң қалдыратынсың. Мен сені бір кездері билік басынан көретініме сенемін..... - Ганифа
Апайы Айманның естелігінен:
Қасында серік болайын деп баурыммен Түркияға қоса барып бірнеше жыл сол жақта тұрдым. Бірде Төрегелді университетте оқып жүріп “TOEFL” тапсырды. Онда барлық сұраққа жауп берген адам 670 ұпай жинайды екен. Төрегелді 660 упай алды. Бауырымның сонда шаттанғанын көрсеңіз. Бізде енді ақша проблемасы шешілетін болды дейді. Алдында ол оқи жүріп қаражат табу үшін түрлі қара жұмыстар істеген еді. Сол TOEFL-дан кейін Төрегелді өте танымал болды . “Сіз сияқты қалай оқуымызға болады, көмектесіңіз” деп қаншама студенттер іздеп келіп мазалайтын. “Апрым-ай, мынау қызық болды ғой” деуші еді сонда ол.
Қазіргі кезде Аргентинаның Ля-Александрия, ЮАР-дың Порт-Элизабет, Жаңа Зеландияның Окленд университеттерінде және Жапония, Эритерия университеттерінде Төрегелді “Жаһандық оқу сыныбы” (“Глобальный учебный класс”) деп аталатын ғылыми жобасы негізінде сабақтар жүргізіледі. Осы жобасы Вашингтон университетінде өткен конкурста ең жақсы деп танылған. Оған 80-нен аса профессорлар мен магистрлар қатысады. Солардың ішінен озып шыққан Төрегелді ол кезде магистрда емес еді.
Түркияда оқып жүрген кезінде Түрік Еуразиялық іскерлер кеңесінің аймақтық үйлестірушінің көмекшісі болды. Одан кейін Түркияның сыртқы экономикалық қатынастар комитетінде (ДЕИК) істеді. Сол кезеңде 17 елдің президенттері мен премьер-министрлерінің протоколдарын жазуға қатысады. Атап айтқанда Франция президенті –Жак Ширак, Түркіменбашы-Сапармұрат Ниязов, Қырғыз президенті-Асқар Ақаев, Әзірбайжан президенті болған марқұм Гейдар Әлиев, Украина президенті Леонид Кучма, Ресей премьер-министрі болған Михаил Касьянов және тағы басқалары. Ал Вашингтонда оқып жүргенде университет проректоры Ким Джонсон Богарттың орынбасарына көмекші болған. Төрегелдінің мерт болғанын естігенде сол проректор мырза қатты қайғырып әке-шешесіне көңіл айтып хат жолдапты.
“Төренің қазасы біздің жанымызға қатты батты. Өкінішті. Ол өзінің болашаққа деген оптимистік көзқарасымен, зиялылығымен, қайрымдылығымен университеттегілердің бәрін баурап алған еді. Оның үлкен идеялары көп болатын. Сонымен қатар жүрегі де үлкен еді-ау. Төре мұнда көп достар тапты. Профессорлардың құрметіне бөленді. Ол өте сирек кездесетін керемет адам болатын. Шынымды айтсам онымен әңгімелесе бергім келетін. Еліме қайтамын дегенде қимай қоштастым. Ол болашақтың және Әлемнің адамы еді. - Құрметпен Ким Джонсон Богарт.
Вашингтон университеті Төрегелді Төлеубаев атындағы стипендия тағайындамақшы. Ол Қазақстаннан келген үздік оқитын балаларға беріледі. Сонымен бірге Төрегелді туралы кітап шығаруды жоспарлап жатыр.
70-ші жылдардың соңында Төрегелдінің әке-шешесі Еркебұлан мен Күлмәш Қарағандыдан Семейге қоныс аударады. Қызымет бабымен. Болашақ дарын 1979 жылдың ақпан айында сол жерде туған. Оның жарық дүниеге келуінің өзі ерекше. Кіндігі мойынына екі оралып және түйіліп қалыпты. Әбүйір болғанша жергілікті білікті маман Алаш Қозыбағаров бастаған дәрігерлер баланы ажалдан арашалап қалады.
Әкесі Еркебұланның естелігінен:
Балама ырым етіп өзімнің ұстазым, кезінде бір кафедрада қатар қызмет еткен, құрмет тұтатын сыйлас ағам Төрегелді Шармановтың есімін бердім. Сол жылы Украина астанасы Киевке мамандық жетілдіру курсына барған едім. Атақты дәрігер Амосов ол кезде Киевтің кордиология институтын басқаратын. Бізге дәріс оқыды.Тыңдаушылардың арасында жалғыз азият болғандығымнан ба, маған ықыласы ауа берді. Бірде өмірдің мәні жайында ұзақ сұхбаттасып қалдық. Ол кісі әңгіме соңында қазақ халқын қатты құрметтейтінін айтып, “Сіздердің бұрынғы денсаулық министрлеріңіз Төрегелді Шармановты жақсы танушы едім. “Ол ғажап адам ғой” деді. Мен ұстазым атына айтылған мадаққа масаттанып қалдым да сол кісінің құрметіне кенже баламның атын Төрегелді қойып едім дедім. “О, оныңыз тамаша болған! Шамасы сіздің балаңыз гений болар” деді сонда Амосов. Мен ол кісінің көрегендігіне таң қалдым. Бірақ ешкімге ешқашан айтпап едім.
Төрегелді 3 жасында хат таниды. Әлемнің саяси картасында барлық елдерді жаттап алып үйге келген кісілерді “сен бәлен елдің қайда орналасқанын білесің бе, түген елдің қайда орналасқанын білесің бе” деп мазалайтын болған. Ал 5 жасында жазуды үйренеді. Бірде ата-анасы жұмыстан келсе Төрегелді мұрны пысылдап бар ықылас ниетімен бірдеңе жазып отырады. Жайлап келіп назар салған әкесі баласының жазғанын көріп қайран қалыпты. Сөйтсе ол үй ішіндегілер теледидардан үзбей көретін” Халықаралық шоу” хабарының жүргізушісі Фарид Сейфуль-Муликовқа хат жазған екен. “Менің елші болғым келеді. Сол арманыма жету үшін не істейін” деп сұрапты. Балаларынаң өз қатарынан озып туғанын аңдаған ата-ана сол күні қатты толқиды. “Бірақ біз оның ерекше қабілеті жайында ешкімге ешқашан тіс жарып айтпаған едік. Үнемі баламызға көз тие ме деген күдікте болдық” диді олар.
Төрегелді бала жасынан білмекке құштар ғана емес керемет намысшыл да болады. Ата-анасы оны 11 жасқа дейін сүндетке отырғызбайды. Есейіп қалған бала бұған қатты налып жүреді. Сабақтан келген сайын “балалар мазақтай береді, мені сүндетке отырғызындар” деп қолқа салады екен. Бірақ әке-шешесі бұл өтінішке құлақ аса қоймаса керек. Бір күні Төрегелді ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Үйдегілер күні бойы іздеп ауруханадан табады. Сөйтсе ол дәрігерлермен келісіп өзін сүндеттетіп тастаған екен.
Анасы Күлмәштің естелігінен:
Бір жолы дүкенде кезекте тұрып кезексіз кимелеген біреумен тілге келіп қалғаным бар еді. Соны аулада бірге ойнайтын балалардың бірі естіп қалып балама айтыпты. Ол бұлқан-талқан ашуланып үйге келді де ”Мама, сенің оның не? Ұят болды ғой! Балалар мені сенің мамаң ұрысқақ деп мазақтайды. Енді мен аулада қалай ойнаймын.” Деп ренжігені бар еді. Қойдым құлыным, енді мен ешкімге ешқашан ұрыспаймын деп сонда уәде де берген едім.
Шетелдерден Төрегелдінің қазасына қайғырып Төлеубаевтар отбасына көңіл айтқан хаттар легі толастар емес. Олардың бәрі де Төрегелдінің азаматтығын, ақыл парасатын, телегей-теңіз білімін айтады.
Төрегелді елге келген соң “Асем-ай компаниясында, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Алматыдағы орталығында жұмыс істеді. Осы орталықтың жетекшісі, елші Ивар Викки “Төрегелді біздің арамызда аз уақыт болса да көп іс атқарды. Ол жанындағылармен тіл табыса білетін. Қарапайым да еңбекқор Төрегелдінің жастық бейнесі мәңгі есімізде” деп жазады өзінің көңіл айтқан хатында.
Төрегелді кейінгі уақытта халықаралық аудиторлық 3 компанияның конкурстарынан өтіп “Ernst & Young” компаниясын таңдап алғанды. Сол компанияның тапсырмасы бойнша тамыз айының 23-күні ол “Испат – Кармет” компаниясына аудиторлық тексеріс жүргізуді жоспарлаған...
Ол үнемі асығып жүретін. Кідіруді, мүдіруді білмеуші еді. О дүниеге де асығыс аттанып кетті.
Міне жамағат, жалындап өткен жас ұланың Төрегелді осындай болған. Ол аман жүргенде Алаш атын аспанға шығаратын еді. Әттең маңдаймызға симай кетті.
Жатқан жерің жайлы, жаның жанната болсын бауырым!